Мектеп бітіру кешінен кейін күйеуі атып өлтірген: жұрт күдіктіні жақтаған блогерді қамауға алуды талап етті

Автор: Темірхан Айжан

Қазіргі сәтте 13700 адам петицияға қол қойып үлгірген

Фото: 24.kg

Мектеп бітіру кешіне барғаннан кейін күйеуі атып тастаған әйелді қаралап, жалған ақпарат таратқан блогердің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Қырғызстандықтар оны жауапқа тартуды талап етіп, петицияға қол қойып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті 24.kg-ге сілтеме жасап.

Адвокат Шердор Абдығапаров блогер Айбек Ұлановтың кісі өлтіруді жария түрде ақтағаны мен жалған ақпарат таратқаны үшін ішкі істер басқармасына ұжымдық арыз дайындаған, оған 100 адам қол қойған. Бішкек қалалық ІІБ арыз-талапты қабылдады. Блогердің әлеуметтік желідегі пікіріне қатысты лингвистикалық сараптама тағайындалды. Осы уақыт аралығында Айбек Ұлановтың ағасы келіп адвокатты қорқытып кеткен. Бұл туралы полицияға мәлім болып, ол ұсталды.

«Еске салсақ, Айбек Ұланов Threads желісінде: «Егер сіз 20 жылдық мектеп бітіру кешінде әйеліңіздің сыныптасымен жыныстық қатынасқа түскенін білсеңіз, қалай әрекет етер едіңіз?» - деп жазып, қайтыс болған әйелдің иллюстрациялық суретін салып қойған.

Ол қоғамның сынына ұшырап, жазбасын өшіріп, кешірім сұрады. Бірақ көпшілік оның тек кешіріммен құтылмайтынын ескертті.

Айта кетейік, Ош облысы Өзген ауылында 20 жылдық мектеп бітіру кешіне барған көпбалалы ана Айзирек Ералиева күйеуінің қолынан қаза тапқан еді. 38 жастағы келіншекті 40 жастағы жұбайы сыныптасынан қызғанып, ұрып-соғып, кейін атып өлтірген Қайғылы оқиғаға байланысты Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 122-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның күйеуі қамауға алынып, екі айға тергеу изоляторына жабылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Шаңырағы ортасына түскен отбасының 5 баласы жетім қалды. Айзирек Ералиеваның үлкен ұлы - 17 жаста, Бішкектегі колледжде оқиды, екінші ұлы - 9-сыныпты аяқтаған, үшінші баласы - 11 жаста. Екі қызының бірі - 7, екіншісі - 4 жаста. Қазіргі мәлімет бойынша, күдіктінің туған ағасы балаларды өз қамқорлығына алуға дайын екенін білдірген.