Олар үрейлендіру арқылы несие алғызады
Енді олар бұрынғыдай телефон шалып қана қоймай, бейнеқоңыраумен сөйлесетін болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде тараған видеода алаяқтықтың жаңа түрі көрініп тұр. Бейтаныс адамдар бетіне фильтр қолданып, бейнеқоңырау арқылы хабарласып, өздерін мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстырады. Кейін әртүрлі сылтаумен телефонға келген төрт таңбалы кодты сұрайды.
Видео авторының сөзінше, оның енесіне салық комитетінен немесе киберполицияның қызметкері екені айтып, бейтаныс адам хабарласқан.
«Үлкен кісілерге айтып, ескертіп қойыңыздар. Енем біз жоқта телефонға келген 4 санды кодты айтып қойыпты. Ешкімнің сізге хабарласып пин-код сұрауға құқығы жоқ. Ешбір мемлекеттік орган, банк қызметкерлері SMS арқылы келген кодты немесе карта нөмірін ешқашан сұрамайды, біреуге карта нөмірін айтпаңыздар», - деді ол.
Мамандар азаматтарға мұқият болуға кеңес береді. Қауіпсіздік үшін мұндай ақпаратты ешкімге жария етпеу қажет.
Еске салсақ, жақында Көкшетау қаласының тұрғыны осындай телефон алаяқтығының құрбаны болды. Оған белгісіз біреу электр энергиясымен жабдықтаушы компания қызметкері болып қоңырау шалып, есептегіш құралын тексеру үшін SMS кодын айтуын сұраған. Кейін тағы қоңырау шалып, оның атына заңсыз несие рәсімделіп жатқанын айтып, несие алғызған. Осылайша 5 миллион теңгені алаяқ өз шотына аудартып алған.