БҚО-да қырыққа жуық жүргізуші ішімдік ішіп, көлік жүргізген – олардың бәрі сотталып кетті

Автор: Бақыт Шынар

Олардың арасында көлік жүргізуші куәлігінен айырылса да рульге отырғандар бар

Фото: pixabay

Биыл жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысы бойынша мас күйінде автокөлік құралын басқарғаны үшін 39 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстың прокуратурасы осындай бір іс материалын мысалға келтіре отырып, ақпарат ұсынған.

«Сырым аудандық соты Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі бойынша (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік мас күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бір адамның ісі қаралды. Бұған дейін ол Әкімшілік кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылы, 15 тәулікке қамалған еді. Бұдан өзге ол 7 жыл бойы көлік жүргізу құқығынан айырылған еді.  Алайда, оны елеместен қайтадан құқық бұзған», - деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.

Сот бұл адамды енді өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырып, бір жылға соттады.