«Табаны сынған»: Өскеменде өрт сөндіруші биік ғимараттан құлап кетті (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Оқиға 5 мамыр күні орын алғаны белгілі болып отыр

Фото: видеодан скриншот

Бүгін әлеуметтік желіде өрт сөндіріп жатқан қызметкердің терезеге кіре бергенде құлап түскен сәтінің қорқынышты видеосы тарап жатыр. Azattyq Rýhy редакциясы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, мән-жайды анықтады.

Анықталғандай, оқиға Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында 5 мамырда болған. Красин көшесіндегі тұрғын үйдің төртінші қабатында өрт шыққан. Өрт кезінде пәтер тұрғындары үйде болмаған. Құтқару жұмыстары барысында №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері биіктен құлап, жарақат алды.

«ТЖМ қауіп-қатер медицинасы орталығының мамандары алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер оған «оң аяғының табаны сынған» деген диагноз қойған. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қызметтік тексеру жүріп жатыр», - деп хабарлады ТЖМ.

Дереккөз өртеніп жатқан үйдің терезе жағында ағаш көп болған соң, арнайы техника бара алмағанын, сондықтан, өрт сөндіруші терезеге саты арқылы шыққанын айтып отыр.