Полицейлер оларды бөлімшеге алып кетті
Астаналық тәртіп сақшылары көңілді кештің үстінен түскен. Карантин режиміне байланысты салынған тыйымға қарамастан коттедж жалдаған оқушылар үшін бұл күн расымен де ұзаққа дейін ұмытыла қоймайды. Ал, олардың ата-аналары айыппұл төлеуі тиіс деп хабарлады «Еуразия» телеарнасы.
11 жыл күткен аттестатын қолына алған түлектер айтулы оқиғаны сол күні-ақ атап өтуді жоспарлаған екен. Алайда, олардың көңілді отырысы ұзаққа созылмады. Үйге кіріп келген полицейлер балаларды бөлімшеге алып кетіп, олардың қан құрамында алкоголь мен есірткі заттарының бар-жоғын тексерді.
«Балалар бір нүктеден көз алмай қарап отыр, айтқан сөздері де түсініксіз. Сондықтан қазір оларды бөлімшеге алып барып, не ішкенін анықтаймыз, кәмелетке толған-толмағанын тексереміз», - деді оқиға орнына келген учаскелік инспектор Айсұлу Каримова.
Тексеру барысында белгілі болғаны, балалардың барлығы Нұр-Сұлтандағы бір мектептің түлектері екен. Полицейлер олардың ата-аналарын шақыртып, мәселенің мән-жайын анықтайтынын айтты.