«Түрің де, миың да жоқ шеше екенсің»: Астанадағы ойын орталығының басшысы анасы мен қызына ауыр сөз айтып, тіл тигізген

Автор: Темірхан Айжан

Орталық басшысы ана мен баланы балағаттап қуып шыққан

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Замира Сағындықова атты желі қолданушысы Астанадағы ойын алаңында кішкентай қызы екеуінің басынан өткен жаға ұстатар жағдай туралы айтты. Оның айтуынша, елордадағы балалар ойнайтын орталықтың басшысы ар-намысына тиетін қорлық сөздер айтып, жер-жебіріне жеткен. Тіпті ғимаратты басына көтере айғайға салып, тұрғынды баласымен қоса жылатқан. Қызының көңілін көтеремін деп барып, жылап қайтқан келіншек жазбасында ғимарат басшысы туралы мәліметтер берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Наурызда қызымды алып, үйдің жанындағы «AMILAND» ойын алаңына бардым. Баланың бәріне ортақ ойнайтын залда туған күн болып жатыр екен. Туған күн иесін аниматорлар құттықтап, өзге достарымен көңілін көтеріп жатты. Қызым кішкентай ғой, жүгіріп барып қосылып кетті. Бірақ аниматорлар қызымды итеріп жіберіп, басқа балалар да жамырай «кет» деп қуып жіберді. Қызым жылап, мен оны жұбатып, «сенің туған күніңде де аниматор шақырамыз» дедім. Сөйтсем «менің түрім жаман, сол үшін олар қоспайды» дейді балам. Үйге келген соң, шашын қиып тастапты, мен оны байқамай қалдым. Шашы әдемі болмаған соң, балалар онымен ойнамайды деп ойлапты», - дейді Замира Сығындықова.

Айтуынша, екінші рет орталыққа барған кезде бұдан өткен дөрекілікке тап болған. Бұл жолы ғимарттың басшысы қосыла әйел мен баланы қорлаған.

«Бүгін тағы да сол «AMILAND»-ке бардық, үйдің жанындағы жалғыз ойын алаңы ғой, қызым өзі қатты барғысы келді. Қателік жасаппын, өткендегі оқиғадан соң ол жерге аттап баспауымыз керек еді. Сол жағдай қайталанды. Аниматорлар тек туған күн иелерімен ойнайды, өзгелер тек қарап тұрады. Біреу қосылуға тырысса, оны айқайлап итеріп жібереді. Қызым тағы жылап қалды. Содан кейін әкімшімен сөйлесуге бел будым. Бірақ бізге әкімші емес, «AMILAND» иесі сөйлесуге келді», - дейді тұрғын.

Оған жағдайды түсіндірген Замира Сығындықованың өзіне тап берген. Тіпті бет-әлпетін сөзге қосып, мазақ қылған.

«Қызық екенсіз, қызыңыз екеуіңіздің түріңіз сұрықсыз болса, ешкім баламен ойнағысы келмесе – оған біздің не қатысымыз бар. Қызыңыз бізге емес сізге ренжісін, өз қанына ренжісін» дейді. Арада ұрыс басталды. Мен «мәселе – адамның келбетінде емес, мына жерде туған күн иесі аниматорлармен арнайы орында ойнауы керек, сонда ешқандай түсініспеушілік болмас еді» дедім. Сол кезде ол өзінің үстемдігін көрсеткісі келіп, тіпті қатты ашулана түсті», - дейді автор.

Басшы әйелге «ұнамаса – шығып кет» деген.

Замира Сығындықованың айтуынша, орталық басшысы сол жерде аса қатігез сөздермен қорлай бастаған. Жеке басына өтіп, жанын қаритын сөздер айтқан.

«Түрің де, миың да жоқ шеше екенсің. Балаң да сүйкімсіз, ақылсыз. Аниматорға ақшаң жоқ болса, неге келесің», - деген.

«Мен одан қандай ана екенімді сұраған жоқпын. Мен тек бір мәселені жеткізгім келді: ойын алаңы дұрыс ұйымдастырылмағандықтан, балам өзін айдалада жалғыз қалғандай, кемтар сезінеді. Бірақ ол артық кетті. Менің жылап тұрғанымды көрсе де, қорлауын тоқтатпады. Шынымды айтсам, қатты жыладым. Ол айқайлап, менімен дөрекі сөйлесіп, қысым көрсетті. Моральды тұрғыдан табанына салып таптады. Біз енді ешқашан «AMILAND»-ке бармаймыз. Ешкімге баруға ұсынбаймын. Бұндайды не бала, не ата-ана бастан кешпеуі керек. Мына оқиғадан кейін есімді жиюыма уақыт керек», - деп жазды астаналық әйел.

Ол балалар ойыны орталығы туралы басқа тұтынушылардың теріс пікірлерін жариялаған. Редакция тұтынушы құқығын қорғайтын бірқатар органға осы мәселе бойынша сұрау хат жолдайды.