Сотталушылар топ болып Шерзат пен оның ағасын тепкілеген
Прокурор Шерзат Полаттың өліміне әкелген төбелестің қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокурордың сөзінше, сотталушы Әскентай Шерзаттың әкесінің кешірімін қабылдамай, танысын шақырған соң оқиға ушыға түскен. Оның шақыртуымен Тоқтаубаев пен Ысқақ келеді. Шиеленісті шешуге тырысқан Қаржаубай Нұрымов өз інісі Нұрқанат Ғайыпбаевты шақырады. Ғайыпбаев інісінің балалықпен қателескенін айтып, кешірім сұрайды. Ол сондай-ақ Әскентайдың алынған заттың ақысын төлемегенін айтады. Бастапқыда мәселе бейбіт шешілгендей болып көрінеді. Тоқтаубаев достарын алып, көлікпен кетіп қалады. Бірақ жолда келе жатып, Әскентай ақшаны төледі деген түбіртекті Тоқтаубаевқа көрсеткен. Бұны өздерінің «ар-намысына» тигендей қабылдаған олар қайтадан дүкенге барып, қарсы жақтан кек алғысы келеді. Екі тараптан да қосымша адамдар шақырылады. Шерзат Полат та достарын көмекке шақырады.
Сол сәтте алғашқы соққыны айыпталушы Шынасыл кәмелетке толмаған Шерзаттың досын ұрады. Осы кезде Нұрымов қолына асхана пышағын алып шықпақ болғанымен, оны Нұрғожаев тоқтатады.Төбелес басталып кетеді, белгісіз адам Әскентайдың адамдары тұрған жаққа екі мәрте оқ атады.
Прокурор қанды оқиға шарықтау шегін баяндады.
«Шынасыл Ғайыпбаев пен Полатты көріп, олардан кек қайтару үшін, екі немесе одан да көп адамды өлтіру мақсатында дайындап алып келген пышағын алып, анасының, әкесінің , тіпті әжесінің жүргеніне қарамастан Шерзаттың жүрек тұсына қасақана пышақ сұғып алады. Шерзат қаша бастайды. 45-50 метрге жеткенде көшеде отырып қалады. Шынасыл Шерзаттың өлгеніне көзі жетеді», - дейді прокурор.
Сотталушы Сәкиев сынған бөтелкені Ғайыпбаевқа лақтырып, жұдырықпен ұрады. Шынасыл Шерзаттың әжесін итеріп құлатады. Көз жұмар алдында Шерзат «Аға, маған бірдеңе сұғып алды!» деп айғайлап үлгереді. Нұрқанат Ғайыпбаев жүгіріп жетіп, Шерзаттың жарақатын қолымен басып, «Жедел-жәрдем шақырыңдар» деп айғайлайды.
Әскентай, Нұрғожаев, Тоқтаубаев, Белғожаев, Ілиясов, Сәкиев, Шынасыл оларға қарай барады. Шерзаттың анасы Гүлбара Бишембиева ұлын қорғамақ болып, Шерзаттың жанына жете бергенде оны Ілияс пен Шынасыл екі қолынан ұстап тұрады. Бірақ Шерзаттың анасы бірінші жетіп, баласын құшағына алып, олардан қарғай бастайды. Соған қарамастан Белғожаев Шерзаттың басынан теуіп, бәкісінің сабымен басынан бірнеше рет ұрады. Ілиясов та сол жерде жатқан мылтықтың дүмімен Шерзаттың басынан ұрады. Ол Бишембиеваның оң қолына тиеді. Сосын Ғайыпбаевтың басынан бірнеше рет соққы жасап, олар топ болып Нұрқанат пен Шерзатты тепкілейді. Шынасыл Ғайыпбаевтың жамбасынан бір рет пышақ сұғып алады, Сәкиев екі рет сұғады. Ғайыпбаев сол жерде есінен танып құлайды. Зорлықшы топ көлікке мініп кетіп қалады. Қаржаубай Нұрымов інісін және ұлын көлікке салып алып, ауруханаға жеткізеді.