Астаналық тұрғын тұтынушылар құқығының қажетті деңгейде қорғалғанын қалайды
Қазақстандық лоукостер тұтынушыға қолданылмаған билеттің құнын қайтарып бермеген. Azattyq Rýhy редакциясына сұхбат берген Астана тұрғыны Гүлжан Әбдікәрімқызы компанияның жолаушылар үшін мүлдем тиімсіз шарттар ұсынатынын, тұтынушыға әділетсіздік танытып отырғанын айтты.
Гүлжан әкесіне «FlyArystan» әуе компаниясынан алған билетін уақытында қайтарып, бірақ оның орнына ақшалай қайтарым емес, ваучерлік құжат алған. Ол тек билет рәсімделген адамның атына беріледі, сондай-ақ ол үш айдың ішінде пайланылуы тиіс болған. Гүлжан компанияның мұндай шарттары – жолаушының қалтасын қағуға арналғанын айтады.
«Былтыр тамыз айында әкеме FlyArystan әуе компаниясының ұшағына Түркістан – Астана бағыты бойынша билет алдым. Бағасы 26 500 теңге болды. Бірақ бір аптадан кейін әкемнің жоспары өзгеріп, Астанаға бармайтын болып қалды. Мен билетті қайта өткіздім, ақшасы күттім. Олар дереу түсіре қоймайды екен. Біраз уақыттан кейін билет ақысының 12 мың теңгесін ваучер ретінде қайтарып берді. Маған теңге ретінде есепшотыма түсетін болар деп ойладым», - дейді ол.
Ваучер билет — қайтарылған билеттің орнына берілетін, кейін басқа ұшуға қолдануға болатын төлем құжаты.
«Билетті кімнің атына рәсімдесең, сол адам ваучер құжатын ғана қолдана алады екен. Ал менің әкем ұшақпен өте сирек ұшады. Осы жолы тіпті бірінші рет ұшпақ болған. Ваучерді қолдануға шектеулі уақыт беріледі, қазір ол күйіп кетті. Билет менің шотымнан алынды ғой, неге ваучерді қаражат төленген шотқа аудармайды? Басқа адамның пайдалануына, яғни жолаушының жақын туысының қолдануына рұқсат етпейді? Мен кем дегенде үш айда өзге қалаларға ұшып барып тұрам, әкем пайдаланбаған ваучерді өзіме жаратуыма болушы еді. Бірақ әуе компаниясы өте тиімсіз шарттар қойып отыр», - дейді астаналық бойжеткен.
Гүлжан әуе билетін сату қызметі ең алдымен тұтынушыға ыңғайлы болуы керек деп есептейді.
«Билетті бір апта бұрын өткізсем де, әуе компаниясы маған билеттің құнын ақшалай қайтарған жоқ, не ваучерді пайдалануға мүмкіндік бермеді. Жалпы ваучерлік жүйені тиімсіз деп санаймын. Билетін қайтарған үлкен кісілер түсінбеуі мүмкін, қалай қолдануды білмеуі мүмкін. Әуе билетін алу, өткізу - халыққа ыңғайлы болуы тиіс, тұтынушының құқығы басты орында болуы керек», - дейді ол.
Біз тұрғынның мәселесі бойынша «FlyArystan» әуе компаниясына ресми сауал жолдадық.