Ол әріптестеріне мұндай жағдайда не істеу кереігн айтты
Инфлюенсер, журналист Ләйлә Сұлтанқызы кірістер басқармасына есеп берді. Айтуынша, оның банк шотындағы садақа, батаға аударған ақшасы, туыстары мен достары жіберген қаражаттың бәрі төленбеген салық ретінде есептеліп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оған Мемлекеттік кірістер басқармасынан 2022-2023 жылдар бойынша «кірісін жасырды» деген хабарлама келген.
«Бұл мен күнделікті қолданатын банктерден алынған деректер екен. Әр түскен қаражат кіріс ретінде тіркелген. Оның ішінде сыйлық, садақа, бата, депозитке аударым, өз шотыңнан өзіңе аударылғандар, достар мен туыстар жіберген қаражаттар, тіпті баламның туған күніне аударған сыйлық та кірген. Әр тийын үшін есеп бердік», - деп жазды журналист.
Ләйлә Сұлтанқызы бұл мәселенің толық шешілгенін айтып, салық органдарынан хабарлама алып жатқандарға кеңес берді.
«Алдымен ресми сауал жіберіңіз, мәліметті өзіңіздің жеке шоттарыңыздағы ақпаратпен салыстырып шығыңыз. Кез келген транзакцияға жауап бере алатындай дайын болыңыз. Ең бастысы мән бермей ертеңге қалдырмаңыз», - деді ол.
Еске салсақ, өткен ақпан айында мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогер мен инфлюенсер 2022–2023 жылдары тапқан кірістерін толық көрсетпеген, соның салдарынан бюджетке төленуі тиіс 53,3 млрд теңге көлеміндегі салық түсімдері орындалмаған деп мәлімдеген еді.