Алматыда 3 маусымнан бастап фитнес орталықтары қызметін қайта бастайды
Қалада 2 800-ге жуық қызметкері бар 280-нен астам нысан қайта ашылады
Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылғы 1 маусымдағы №37 қаулысына сәйкес, бүгіннен бастап шаһарда денешынықтыру-сауықтыру нысандары, оның ішінде фитнес клубтары, фитнес орталықтары, жаттығу залдары мен т.б. мекемелер қызметін қайта бастайды.
Қалада қызметкерлерінің жалпы саны шамамен 2800 адам болатын 280-нен астам нысан қайта ашылады.
«Мекемелердің қызметіне барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Жұмысты бастар алдында олар Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қаулысының ережелерімен танысуы және нысандарды, олардың қатарына: жайларда күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді, жаттығуларда әлеуметтік қашықтықты сақтау, персоналдар мен келушілердің термометриясы және т.б. кіретін барлық қажетті талаптарға сәйкес дайындауы тиіс. Әзірлік аяқталғаннан кейін, нысандар хабарламаға электронды-цифрлық қолтаңбасымен қол қою жолымен жазылған нормаларды сақтауға кепілдік беріп, оны растай отырып, infokazakhstan.kz сайтына тіркелулері тиіс», -деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының баспасөз қызметі.
Олардың карантиндік шараларды орындау барысын ары қарай мониторингтік топ рейдтік тексерулер жүргізу кезінде қадағалайды. Егер ережелердің сақталмағаны анықталған жағдайда, нысандар қайтадан толық жабылады.