Астанада 50 мың теңгенің диванын «сатқан» әйел 3,6 жылға сотталып кетті
Ол интернетте өтірік жарнама беріп, 40 адамнан 2 млн теңге жинап алған

Астанада «OLX» интернет-платформасына өтірік хабарландыру беріп, шамамен 40 адамды алдаған әйел 3 жыл 6 айға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласының прокуратурасы хабарлағандай, әйел жиһаз сатамын деп хабарландыру берген. Оның құрығына түскен 40 адам шамамен 2 млн теңгелерінен айырылған.
«Мысалы, бірде ол 50 мың теңгеге диван сатамын деп жарнама берген. Оған қызыққан адам диванды көрместен, алаяқ әйелдің балансына 40 мың теңге жіберген. Ақшаны алғаннан кейін әйел байланысқа шықпай қойған», - деп хабарлайды Астана прокуратурасы.
Алаяқ әйел өзі алдаған адамдарға ақшаларын толық қайтарып берген және оның жас баласы болған. Сондықтан ол сот белгілеген 3 жыл 6 ай жазаны кейін өтейтін болды.