Ауданда қоқыс полигоны өртеніп жатыр
Талғар ауданында тұрғындар көк түтінге улануға шақ қалды. Ал әкімдік 7,5 гектар аумақты қоқыс полигонына айналдырып, ақша тауып отырған компанияның құжатын да тексере алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Алматы облысындағы Ақтас ауылының айналасы қазылған карьерге толы. Тас сатып, табыс табатын компанияларға әкімдік жер берген. Қазылып, шұңқырға айналған көп карьерлердің бірі қазір қоқыс полигонына айналды. Тұрмыстық қалдықтарды төгетін шұңқырдан шыққан өрт екі күннен бері тұрғындарды түтінге тұншықтырып барады.
«Бұл жер ауылдың маңы болса да, үнемі осылай өртеніп жатады. Жуып жайған киімдеріміз қап-қара болып қалады. Қоқыс таситын КамАЗ-дан жолдың бойы да қалдықтарға, өлген ит пен мөшектерге толып жатады. Төбелестік те, айғайластық та, одан ештеңе шықпады. Түтіннен бөлек, қоқыстың иісі де жаман. Балалардың далаға шығуы да қиын. Осы қоқыс полигонында жұмыс істейтін өзбектер мына көрші үйде тұрады. Бір үйде 38 өзбек бар, полицияны да шақырдық, одан ештеңе шықпады. «Мусор» тиеген КамАЗ-дар осы жолда бір бірімен жарысып жүреді. Неше түрлі жағдайларды көріп келеміз енді, қорқынышты», - дейді өзін Мөлдір деп таныстырған Ақтас ауылының тұрғыны.
Ақтас аулының №4 шағынауданындағы отыздан астам үй полигонға жақын орналасқан. Одан бөлек, көпшілік арасында «Ақтас жындыханасы» аталып кеткен, жүйке жүйесі бұзылған адамдарды сот қаулысымен мәжүбірлеп емдейтін арнайы типтегі психиатриялық стационар да осы полигонға тиіп тұр. Тұрғындар жергілікті әкімдіктен күдерін үзген.
«4 немерем, келінім және кемпірім бар. Бұлай өртене берсе, денсаулыққа да, экологияға да зиян. Полигон ауылдан алыс болуы керек қой. Жақын жердегі сасық иістен неше түрлі ауру шығады. Бұл мәселе шешілмей келеді. Желдің бағытымен сасық иіс келіп тұрады», - дейді Ақтас ауылының тұрғыны Батыржан Қайыпов.
Полигондағы өртті сөндіру үшін әкімдік үшінші күні әрең дегенде 12 адам мен 4 өрт сөндіру техникасын жіберді. Алайда, ескі машиналар бұзылып қалды. Қоқыс тасыған әр жүк көлігінен 10 мың теңге алатын «ЭкоСервис» ЖШС өкілдері қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.
«Осында күніне екі-үш рет келіп, қалдықтарды төгемін. Әр төккен қоқыс үшін 10 мың теңге төлеймін. Әр машианға баға әртүрлі. Менікі көлемі орташа КамАЗ. Өздерің де көріп тұрсыңдар ғой тасушылар көп екенін», - деді қоқыс таситын жүк көлігінің иесі.
Талғар аудандық әкімдігінің мәліметінше, қоқыс алаңының аумағы 7,4 гектар. Тұрмыстық қалдықтарды қабылдауды кәсіп қылған «ЭкоСервис» ЖШС заңды тұлға ретінде Алматы қаласында тіркелген. Талғар ауданының әкімдігі компанияның облыс аумағында бизнес жасауға рұқсатының қаншалықты заңды екенін тексеру үшін құжатын бірнеше рет сұратып, ала алмаған.
«Осы айдың алғашқы он күнінде оларға тағы ұсыныс хат жібереміз, соның негізінде жауап береді деп ойлаймыз. Санитарлық талапқа сай келе ме, келмей ме дегенді тексереміз, анықтау жұмыстары жүргізіледі. Қазір олардың құжаты болмаған соң, мен сіздерге айта алмай тұрмын. Рұқсат құжаттарын алғаннан кейін біз осы құжаттың негізінде облыстық табиғатты қорғау прокуратурасына мәліметті береміз. Соңғы рет құжатын сұрағанда, төтенше жағдайға байланысты бере алмаймыз деген жауап келді», - деді Алматы облысы Талғар ауданы Тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі Асқар Шамаев.
Шамаевтың сөзінше, ауданда тұрмыстық қалдықтарды төгетін осы жекеменшік бір ғана полигон бар. Тау баурайындағы талғарлықтарға қиындық туғызып отырған қоқыс полигоны 12 жылдан бері жұмыс істейді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы