Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған ер азамат аман табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның психикалық ауытқушылығы болған

Ақмола облысының полицейлері із-түзсіз жоғалып кеткен 48 жастағы ер азаматты тапты. Ол 30 мамыр күні үйінен шығып, содан қайта оралмаған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жоғалған адам – Біржан сал ауданы Аңғал батыр ауылының тұрғыны, оның психикалық ауытқуы болған және бұған дейін де ол үйінен дәл осылай хабар-ошарсыз кетіп қалып жүрген екен.

«Іздестіру шарасы барысында жоғалған азаматтың 1996 жылдан бері аудандық ауруханада параноидты шизофрения диагнозымен психиатрдың есебінде тұрғаны анықталды. Есту галлюцинациясынан зардап шеккен. Оның осыған дейін де бірнеше рет үйінен кетіп қалғаны мәлім болды. Жоғалған адамның жағдайын ескере келе, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы толықтай іздеу жұмыстарына кірісті. Тәртіп сақшылары орман алқаптары мен барлық адам көп жүретін жерлерді сүзіп шықты», - деді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.

Полицейлер жоғалған жігітті көршілес Бурабай ауданынан іздеп тапты. Оған өзгелер тарапынан ешқандай заңсыз әрекеттер жасалмаған.