Жағдайы ауыр бір бала Тараз қаласының ауруханасында жатыр
Күні кеше хабарлағынымыздай, Жамбыл облысы Меркі ауданындағы жекеменшік балабақшада оншақты бала уланып, ауруханаға түскен болатын. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осы балалардың қалай емделіп жатқанын білу үшін түн ішінде ауруханаға келген. Әкімнің баспасөз қызметі ауруханадан видео таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнежазбадан көргеніміздей, облыс әкімі ауданға қараңғыда келген. Алдымен балалар жатқан палаталарды аралап, олардың ата-аналарымен сөйлескен. Кейін аурухана ішінде жиын өткізген.
Облыс әкімінің әлеуметтік желідегі жазбасынан түсінгеніміз, уланған балалардың ең кішісі үш айлық сәби. Бірақ, ол үйде ауру жұқтырған.
«Қазір 14 бала мен 1 ересек адам ауруханада, 9 бала үй жағдайында ем қабылдап жатыр. Ауруханадағы балалардың 10-ы балабақшаға баратын балалар, ал, біреуі үш айлық бүлдіршін, 3 бала мектеп оқушылары. Тағы бір бала жан-жақты тексеру үшін облыс орталығында жатыр», - деп жазды Қарашөкеев.
Әкім ауруханада жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берген. Соның ішінде дәрігерлерге осы балбақшаға баратын қалған балалардың үйіне барып, тексеруді тапсырған. Ал, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне балалар неден уланғанын білу үшін тиісті сараптама жүргізуді міндеттеген.