Павлодарда коронавирустан ерлі-зайыптылар қайтыс болған

Автор: Azattyq Rýhy

Алдымен күйеуі көз жұмса, араға 3 апта салып әйелі бақилық болды

Павлодарда 30 мамыр күні 54 жастағы әйел коронавирустан көз жұмды. Ол ауруханада 1 айдан астам уақыт емделген. Ал, бұл оқиғадан 3 апта бұрын күйеуі де дәл осы аурудан бақилық болған еді, деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.

«Марқұм әйел ұзақ жылдар бойы жүрек ауруы, қант диабеті және созылмалы бүйрек ауруымен ауырған. 26 сәуірде науқастың жағдайы нашарлап кетті, оны жансақтау бөліміне ауыстырды. 6 мамырда жасанды тыныстандыру аппаратына қосты», - деді Басқарма өкілдері.

Олар әйелдің өмірін аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық дегенді айтып отыр. Алайда, 30 мамыр күні сағат 02:25-те ол көз жұмды. 31 мамырда туыстары оны ақтық сапарға шығарып салды. Олардың айтуынша, 3 апта бұрын марқұмның күйеуі де коронавирустан қайтыс болған екен. 57 жастағы ер адам COVID-19 вирусымен ауруханаға 23 сәуірде жеткізілген. 8 мамырда ол көз жұмды.