Қазақстанның түрмесінде отыруы тиіс: 56 адамның бүйрегін сатқан әйел Польша-Украина шекарасында ұсталды

Автор: Темірхан Айжан

Оның неліктен бостандықта жүргені түсініксіз 

Фото:

Адамның бүйректерін қара базарда сатқаны үшін Қазақстанда 12 жылға сотталған әйел Польшада ұсталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Күдікті адам ағзасын сататын ұйымдасқан қылмыстық топқа мүше болып, қара нарықта 56 бүйрек сатқан, онысы үшін Қазақстанда 12 жылға бас бостандығынан айырылған. 35 жастағы Ксения П. Польша мен Украина арасындағы теміржол өткелінде ұсталған. Бұл туралы Пшемысль прокуратурасының баспасөз хатшысы Марта Петковска хабарлады.

Прокуратура әйелдің ұсталған уақытында неліктен түрмеде қамауда отырмағаны туралы түсініктеме бермеген. Интерпол күдіктіге 2020 жылдың қарашасынан бастап іздеу салған.

Марта Петковсканың сөзінше, әйел 2017-2019 жылдар аралығында адамның тіндері мен мүшелерін заңсыз алып, қара нарықта сатқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған. Осы қылмысы үшін сотталған.

Ол сондай-ақ қылмысын тұрақты табыс көзіне айналдыру және пайда табу мақсатында Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Таиланд елдеріндегі жәбірленушілердің 56 бүйрегін алып, сатқан деп айыпталған.

Прокуратура оны Қазақстанға экстрадициялау үшін бір апта мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінді.