Төтенше жағдайда уақытша паналайтын орындар 14 млн адамды қамти алады - министр
Шыңғыс Әріновтің сөзінше, жертөлелер мен паркингтер жақсы қорған бола алады

Төтенше жағдай бола қалса, 14 млн адамды қамтитын уақытша паналар бар. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа тұрғын үй кешендерінде қауіпсіздік талаптарына сай «уақытша паналар» салынады.
«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қалаларда қақтығыс болған кезде қарапайым жертөлелер, паркингтер халыққа пана болады. Қазіргі күні бомбадан қорғайтын арнайы орындарды салғаннан гөрі солар тиімді. Бізде төтенше жағдай болса, 14 млн азамат орналаса алады», - дейді министр.
Ол азаматтық қорғаныс құрылыстарының бір бөлігі жекеменшікте екенін айтты.
«Олардың қожайындары өз ыңғайына қарай пайдаланып отыр. Оларды есепке алу тәртібін белгілеу үшін құқықтық кадастрда жеке жылжымайтын мүлік объектісі ретінде құрылыстарды тіркеу енгізіледі», - деді Әрінов.