АҚШ-та та науқас қызды тасымалдаған ұшақ апатқа ұшырап, борттағы 6 адам, жердегі 1 адам қаза тапты
Құлап түскен ұшақ кем дегенде 11 үй мен нысанды бұзып кетті

Филадельфияда ұшақ үйлер мен ғимараттардың үстіне құлап түскен. Борттағы 6 адам түгел қаза тауып, жерде 1 адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy АР-ке сілтеме жасай отырып.
Қала мэрі Черелл Паркер құлап түскен ұшақ кем дегенде 11 үй мен нысанды бұзып кетті. Зардап шеккен 22 адамның ішінде бесеуі ауруханада жатыр, оның үшеуінің жағдайы өте ауыр деп мәлімдеді.
Өткен жұмада Солтүстік-Шығыс Филадельфия әуежайынан ұшып шығып, Мексикаға бет алған Learjet 55 жедел-жәрдем ұшағы құлады. Бортта 6 адам болған, ішінде АҚШ-та ем алып, үйіне анасымен бірге қайтып бара жатқан кішкентай қыз болды. Олардың бәрі Мексика азаматтары. Ауада жарылған ұшақтың бөліктері жердегі нысандарға зақым келтіріп, көлікте отырған бір адамның өмірін жалмады.
Айта кетсек, жақында Вашингтон әуежайына жақын аумақта American Airlines ұшағы әскери тікұшақпен әуеде соқтығысып, 67 адам көз жұмған еді.