Қазір баланың жағдайы жақсы
Түркістан облысында дәрігерлер 6 жастағы қыздың асқазанынан бір келіге жуық ұйысқан шаш алып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анасының айтуынша, баласы бір ай бойы ауырып жүрген. Қыздың салмағы азайып, іші ауырып, тамақ ішпей қойған. Содан кейін ауруханаға жүгінген.
Дәрігерлер ЭФГДС процедурасын жасап, қыздың асқазанындағы бөгде затты анықтаған. Олар күрделі ота жасап, бір уыс шаш алып шыққан.
«Отаның ұзақтығы бір сағатқа созылды. Ота өте сәтті өтті. Жалпы мұндай жағдайлар баланың қараусыз қалғанынан болады. Кішкентай балалар түрлі заттарды аузына салып, салдарынан ішке зиянды заттар жиналады. Бұл жағдай баланың өмірі үшін қауіпті болғандықтан, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауын ескертеміз. Түркістан облыстық балалар ауруханасында хирургиялық көмектер тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетіледі», - деді Облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі Мұқағали Темірбеков.