Әкімдік шатасып демалыста жүрген бір көршінің жерін екіншісіне бере салған
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы ауылдың екі тұрғыны үйлерінің арасындағы шағын жерге таласып, соттасқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ең қызығы, жергілікті әкімдік демалыста жүрген бір көршінің заңды жерін жер сұрап келген екіншісіне бере салған. Ақыры бұл іске сот араласып, екі үйдің арасындағы жерге әуел баста құжат рәсімдеген Б.есімді азамат жеңіп шыққан.
«Б. және Т.есімді екі көршінің арасында шағын жер телімі болған. Т. осы жер телімін алғысы келіп, ауыл әкіміне өтініш берген. Әкімдік мамандары қателесіп Б.-ның жер телімінің бір бөлігін Т.-ның атына рәсімдеп берген. Алайда, ұзақ демалыстан оралған Б., учаскесінің бір бөлігі көршісіне өтіп кеткенін біліп, әкімнің шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жою үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған», - деп хабарлайды Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот әкімнің шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жойған. Бірақ, Т. бұл шешімге келіспей, апелляцияға шағым түсірген екен.
«Қызылорда облыстық соты бірінші соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Соттың ұйғарымы заңды күшіне енді», - деп хабарлайды Жоғарғы сот.