15 жастағы қызға үйленген: Қызылордада ер адам қалыңдығы жүкті болған соң 12 жылға сотталып кетті
Жігіттің сотты болуына сүйген жарының жасы себеп болған
Қызылорда облысында 15 жастағы қызға үйленген жігіт 12 жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Информбюроға сілтеме жасай отырып.
Қызылорда облысының тұрғындары 21 жастағы Нұртілеу Ибрагимов пен 15 жастағы Аяла Жүрсін былтыр наурыз айында шаңырақ көтерген. Жас жұбайлардың үйлену тойын ата-аналары дүркіретіп өткізген. Олардың некесін имам қиған. Көп өтпей Аяланың аяғы ауырлап, дәрігерге көрінеді. Емханадағылар бұл ақпаратты полицейлерге айтып, ақырында Нұртілеуді тергеуге алып кеткен.
«Баланың түсіп қалу қаупі бар деген соң УЗИ-ге түсірдік. Бір аптадан кейін РОВД-ға шақырды. Баламды үш ай бойы тергеді. Әншілердің қызы да кетіп жатыр ғой. Қанша әншілердің қыздары кетіп жатыр. Оларға заң жоқ екен де, бізге келгенде заң бар ма? Баламды педофил қылып көрсеткен, содан 12 жылға соттап жіберді», - дейді Нұртілеудің анасы Гүлбану Әшірбаева. Нұртілеу Ибрагимовке кәмелетке толмаған қызды төсек қатынасына тартты деген айып тағылған.
Аяла Жүрсін әлі күнге дейін ата-енесімен бірге тұрып жатыр. Ол сотқа жәбірленуші ретінде қатысса да, тұрмысқа өз еркімен шыққанын айтқан.
«Мен бұл үкімге келіспеймін, күйеуімді босатып беріңдер дедім. 15 жастан үйленіп жатқандар көп қой. Бірақ солар бақытты болуға лайық, ал біз неге бақытты болуға лайық емеспіз? Не үшін менің күйеуім жазықсыз түрмеде отыр?», - дейді Аяла.
Сот үкімі 2024 жылы қарашада шыққан.
«Нұртілеу Ибрагимов ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған педогогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойы айыра отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - делінген соттың хабаралмасында.
Жігіттің туыстары аппеляциялық сотқа жүгінген, бірақ шағым қанағаттандырусыз қалдырылған. Енді ата-аналары Жоғары сотқа шамданбақ.