13 жастағы қызды зорлап, сотталған: Ақтөбеде ер адам кішкентай қыздарға әлі де тиісіп жүр
Полиция тергеуді тоқтатып тастаған
Кәмелетке толмаған қыздарға тиісіп жүрген ер адамның ісі сотқа жетпей жатыр. Бұл туралы «НеМолчи» қоры жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күндізгі уақытта 39 жастағы ер адам мектепке кетіп бара жатқан 11 жастағы қыздың білегінен шап беріп ұстап, етегін көтерген. Қыз айғайлап жіберген кезде, ол қашып кеткен. Қыз бала дереу әкесіне хабарласып, ата-анасы полицияға шағымданған.
Ер адам полицияға қыздың кеудесінен ұстағанын айтқан, кейін сөзінен айнып қалған. Қыздың ата-анасы анықтағандай, күдікті бұрын 13 жастағы қызды зорлап, істі болып, Ақтөбедегі түрмеде отырып шыққан. Кейін үйленіп, бала-шағалы болады. Бірақ бұрынғы әдетіне басып автобуста кішкентай қызға тиіскен. Ол кезде жауапкершілікке тартылмаған, тек ауруханаға жатқызылған.
«Мінекей 2014 жылы ол тағы да қорғансыз жас қыздың мектепке жалғыз кетіп бара жатқанын пайдаланып, қылмысын қайталап отыр. Ақтөбе полициясы «қылмыс құрамы жоқ, себебі ол еркіне тәуелді емес жағдайлар бойынша әрекеттерін соңына дейін жеткізбеген» деген фактімен тергеуді тоқтатып отыр. Ақтөбенің прокуроры Б.Д. Қадырғали сотқа дейінгі тергеуді тоқтатуға қол қойып берді», - деп жазды қордың парақшасы.
«НеМолчи» қоры бұл іске Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның, Бас Прокуратураның араласуын сұрады.