Павлодарда кадет мектебінің курсанттары уланып қалды
Мектеп интернатта электр сымы тұйықталып ғимаратты қою түтін басқан
Павлодарда кадет мектебінің 9 курсанты ащы түтінге уланып қалды, деп хабарлайды Астана телеарнасы. Мектеп интернатта электр сымы тұйықталып ғимаратты қою түтін басқан. Салдарынан оқушылардың басы айналып, кейбірі есінен танып қалды. Ал сол түні курсанттардың жанында болған тәрбиеші Динара Жұмаділова казармадан 40 тәрбиленушіні бір өзі алып шығыпты.
«Балаларды дереу ғимараттан шығару керек болды. Мен осы сәтте оларға жылдам тұру туралы бұйрық беріп, есікті аштым. Олар киім-кешектерін алып бірден сыртқа шықты. Енді ойлап тұрсам осының барлығы 4 минуттың ішінде болған екен», - деді тәрбиешінің көмекшісі Динара Жұмаділова.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Жасұлан Қожанов тәрбиешінің жылдам әрекетінің арқасында барлығы аман қалды деп отыр. Өйткені, тәрбиеші қауіпсіздік ережесіне сәйкес әрекет етіп, содан кейін ғана күш құрылымдарын шақырыпты. Ал дабыл жүйесі істемеген.
«Тоқ көзіндегі шамадан тыс қуаттылықтан, сақтандырғыш істен шыққан. Сол себепті сымдар жанып, түтін шығыпты. Қазір барлығын ауыстырып қойдық. Сол түні электр мамандары келіп, ескі сақтандырғыш пен барлық сымдарды ауыстырды. Қазір толық қуатта жұмыс істеп тұр», - деді Жасұлан Қожанов.
Дәрігерлердің айтуынша, облыстық балалар ауруханасына жеткізілгендердің жағдайы жақсы.
«Ауруханаға барлығы 9 бала жеткізілді. Оның 7-уі соматикалық бөлімге, 2-уі жағдайы ауыр болғандықтан, жан-жақтау бөліміне жатқызылды. Барлығы медициналық көмек алды. Қажетті шаралар жасалды. Қазір жағдайлары жақсы», - деді Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Орсагош.
Ал төтенше жағдайлар қызметіне өрт оқиғасы болмағанын айтады.Тек сымдардың тұйықталуынан улы түтін тараған деп отыр.