Емші баланың қолын байлап, тамағынан қысып ұстап, қинаған
Жергілікті емші Кейқуат Оспанов кішкентай қызды ішінен жын шығару әдісімен емдеген. Оның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеода екі ер адам жерде жатқан қыз баланың қолын байлап, тамағынан қысып жатқанын көруге болады. Емші баланың ішіндегі «шайтанмен» сөйлескендей түр танытып, сұрақтар қойып отыр. Қиналған бала жылап жауап беріп жатыр.
- Қызсың ғой, иә?
- Иә
- Не үшін кірдің, мақсатың өлтіру ме?
- Иә
- Сенің жасың нешеде, Ләззат?
- 19-да
- Мыңжылдықсың ба әлде жүзжылдықсың ба?
- Мыңжылдық
- Сендер нешеусіңдер?
- 9
- Өздерің кірдіңдер ме?
- Өзіміз кірдік, - деген диалог жүреді.
Кейқуат Оспанов деген адам өзін ислам медицинасының өкілі деп санайды.
Бұл оқиғаны Azattyq Rýhy агенттігі әлеуметтік желіге салған соң, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді.
«Жергілікті уәкілмен байланыстым. Олар мәселені қарауға алды», - деп жазды ол.