Ақтау қаласындағы Бас консулдық маңына да адамдар жиналған
Ақтау және Астана қалаларында «AMANAT» партиясының қызметкерлері мен белсенділері «Баку-Грозный» бағытындағы ұшақ апатында қаза тапқан жандардың рухына тағзым етіп, зардап шеккен адамдарға қажет қан тапсырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып,
Партиялықтар Астана қаласында Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Eлшілігі және Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығы ғимараттарына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Ақтау қаласында да партияластар мен жас белсеңділер Әзірбайжан Республикасының Бас консулдығы ғимараттарына жиналып, қаза тапқан жандардың рухына тағзым етті.
«Апат айтып келмейді. Ұшақ апатында туыстары мен жақындарынан айырылған адамдардың орны толмас ауыр қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз. Сын сағатта «AMANAT» партиясы жарым көңіл жандардың қасынан табылып, қолдан келгенше қолдау көрсетуде. Бүгін партияластарымыз марқұмдардың рухына тағзым етіп қана қоймай, зардап шеккен жандарға қажет қан тапсыруда. Барша азаматтың тезірек сауығып кетуін тілейміз», – деді «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев.
Еске сала кетейік, бүгін Ақтау қаласының маңында «Баку-Грозный» бағытындағы ұшақ апатқа ұшырады. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жұмылдырылды. Сондай-ақ, Үкімет қаулысымен ұшақтың апатқа ұшырау себептерін тексеру бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.