Іздеуге қызметтік иттерді де пайдаланып жатыр
Атырау полициясы 20 мамыр күні үйінен шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен 1,5 жасар Әлиді іздеп жатыр. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
«Бала үйден түскі 13.30 шамасында шығып кеткен. «Жұлдыз» мөлтек ауданындағы №57 үйден сыртқа шыққан бала қайтып оралмапты. Оң аяғын сілтіп басады екен. Сәбиді іздеу жұмыстары кешеден бері жалғасып жатыр. Бүгін таңғы сағат 06.30-дан бастап көмекке келген қала азаматтары мен жақын маңдағы аудандардың 400-ге жуық тұрғыны, еріктілер мен Ұлттық ұланның 50 сарбазы, полицияның 100-ден астам, Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері қызметтік иттерді пайдаланып, 50-ден астам көше мен жақын маңды түгелдей шарлап шықты», - делінген ақпаратта.
Мамандар кешеден бері үш дронды да іске қосты. Жергілікті полиция баланы көрген-білген адамнан «102» телефон номеріне хабарласуды сұрайды.