Президенттің кадр резервіне құжат тапсырған 549 үміткер, келесі кезеңге жолдама алды. Олар алда «Потенциалын бағалау» дейтін кезекті сынақ тапсырады.
«Үмкітерлердің ішінде шетелде жүрген Қазақстанның 46 азаматы бар. Елден тыс жерде жүрген азаматтардың ішінде ең үлкен өкілдік Ресей 10, АҚШ 4, Ұлыбритания 3 және Түркия 3 елдерінен болып отыр», - дейді Мемлекетік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Анар Жайылғанова.
Әу баста іріктеуге қатысу үшін 13212 адам тіркеуден өткен. Алғашқы «Қабілетін сынау» дейтін кезеңге 5745 адам жолдама алды. Одан 902 адам келесі тестке өтті.
Үміткерлер мен сынақ нәтижесі жайында толық ақпарат Агенттіктің онлайн платформасы pkrezerv.kz –те жарияланады.
Бұдан бұрын Ұлттық комиссия әр кезең бойынша өтетін үміткерлер санын белгілеп қойған. Оған сәйкес жолдама алатындар саны төмендегідей:
- Тестке - 1000 адамнан артық емес;
- Потенциалын бағалауға – 600 адамнан атық емес;
- Сарапшылық комиссиямен әңгімелесуге – 400 адамнан артық емес;
- Ұлттық комиссиямен әңгімелесуге – 330 адаманан артық емес;
Еске салайық, Президенттік кадрлық резерв құру бастамасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтылды. 300 адамнан тұратын алғашқы кадрлық резервтің тізімі жыл соңына дейін дайындалады.