Түркістан облысында жоғалып кеткен 4 жасар қыз табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүлдіршін әжесінің үйіне қыдырып келіп, ойнап жүріп ауладан шығып кеткен

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының полицейлері адасып қалған төрт жасар қызды әкесімен табыстырды, деп хабарлайды Polisia.kz.

19 мамыр сағат шамамен 17:00 шамасында Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесіне Сарыағаш қаласындағы орталық көшелердің бірінде кішкентай қыздың жол бойында жылап тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Мекенжайға Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесіне ЖПҚ ювеналды полиция тобының қызметкерлері жетті. Қыздан өзі жайлы толық мән-жайды сұрастырады. Нәтижесінде, оның төрт жаста екенін ғана біле алады.

«Полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық көшелер мен үйлерді аралап, көршілер мен өтіп бара жатқан адамдардан сұрастырды. 2-3 сағатқа созылған іздестіру шаралары нәтижесінде кішкентай қыздың мекенжайы анықталды», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, 4 жасар қызы әжесінің үйіне қыдырып келіп, ойнап жүріп, ауладан шығып кеткен. Әжесінің үйінен 200-300 метр қашықтыққа кетіп қалған. Үй ішіндегілер бүлдіршінді өз бетімен іздеуге кіріскен.

Қыздың әкесі Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесінің полицейлеріне жоғалған қызын табуға көмектескені үшін шынайы алғысын білдіріп, табыс тіледі.

Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға өздерінің балаларын назардан тыс қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балалар мен туған-туыстарыңыз жоғалған жағдайда шұғыл «102» телефоны бойынша полицияға жүгініңіз.