Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды
Шымкентте ер азамат күндіз көшенің қақ ортасында өз әйелін соққыға жықты. Оқиғаның видеосын жәбірленушінің сіңлісі Пакиза Бопинаева Instagram әлеуметтік желісіне жүктеген.
Видеороликтен ер адамның әйелді шашынан сүйреп, ұрып, теуіп жатқанын анық аңғаруға болады. Видео авторының айтуынша, ерлі-зайыптылар 4 жыл бұрын үйленген екен.
«Бұл видеолар өз қолыммен түсірілген. Бұл адамдар бір адамның өмірін 4 жыл бойы ойыншық қылып, қорлап келді. Олар заң алдында жауап берсе екен дейміз. Ұят болады деп үндемей келдік. Ертең бұлар қастандық жасаудан тайынбайды», - делінген видео авторының жазбасында.
Бейнероликтен оқиға орнына полицейлердің келгенін көруге де болады. Пакиза Бопинаеваның жазуынша, Қаратау аудандық полиция басқармасының мамандары ер адамның үстінен «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.