Тергеу жұмыстары кезінде күдік туғызатын деректер анықталды
Қазақстаның авиациялық әкімшілігінің Бас директоры Питер Гриффитс Azattyq Ryhy-на Қазақстан әуе компанияларының Ливияға қару жеткізуге араласуына байланысты пікір білдірді.
Еске салсақ, 16 мамыр күні БҰҰ баяндамасында қазақстандық әуе компаниялар маршал Халифа Хафтарды қолдау мақсатында Ливияға әуе жолдары арқылы жасырын қару-жарақ тасымалын ұйымдастыруға қатысқаны туралы жазылғанын хабарлаған болатынбыз.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Ливияға жасырын қару-жарақ жеткізуге қатысты – БҰҰ
Питер Гриффитстің сөзінше, қазір оқиғаға қатысты БҰҰ, Қазақстан және өзге де елдер бірлесіп тексеру жүргізіп жатыр. Бір әуе компаниясының лицензиясы тоқтатылып, басқаларынан да жауап алынуда.
«БҰҰ Қазақстан мен Украина, Молдова әуе желілері ұйым енгізген санкцияларды бұзды деп үлкен айып тағып отыр. Тексеру өте күрделі, оған бірнеше ел қатысуда. Қазір біз Azee Air эксплуатантының сертификатын 6 айға тоқтаттық. Басқа компанияларға қарсы да шара қолданатын шығармыз. Осы мерзім ішінде халықаралық инспекторлармен тергеу жүргізіледі. Jupiter Jet, Jenis Air, Сигма компанияларының да іске қатысы бар-жоғын қарастырып жатырмыз», - дейді ол.
Авиациялық әкімшілік тексерулерді өткен жылдың қазан айында бастаған көрінеді. Jupiter Jet пен Jenis Air өздерінде бар мәліметті берсе де, орган оның рас-өтірігін халықаралық деңгейде зерттеп жатыр. Себебі, қару жеткізуге қатысқан ұшақтар маршруттарын сайттардан өшіргізіп тастаған.
«Әуе компаниясы айтқан ұшақтар ADSBRadar, Флайтрадар24 немесе Радарбокс24 сияқты әуе кемелерін онлайн бақылайтын сайттарда көрінбейді. Олар аталған ұшақтарды тізімнен ақша беріп алғызып тастағанын да білдік. Сондықтан Швецияның Радар 24 сайтына, АҚШ-тың Радарбокс сайтына тізімнен ұшақтардың әрекетін жасыру үшін алып тасталуына байланысты қандай әрекеттерге барғанын білу мақсатында сауал жолдадық. Тағы бір анығы – ұшақтардың сигналы Мысыр территориясы үстінен ұшқанда жоғалып кетеді. Әуе кемесі 30,000 фут биіктікте 320 узелмен қозғалғанда радардан ғайып болады. Бұл – экипаж кейде сигналды әдейі өшіріп отырған деген сөз», - деп айтты Питер Гриффитс.
Біз Jupiter Jet-пен хабарласқанымызда, компанияның ұшуды қамтамасыз ету және басқау қызметінің жетекшісі Богдан Шәріпов оларға тиесілі әуе кемелері ешқашан Ливияда болмағанын айтты.
«Біз 2019 жылы Global aviation services компаниясынан FZE UP-I7652 (ИЛ-76) ұшағын жалға алып, қазан айында Біріккен Араб Әмірліктерінен Бішкекке 4 рейс қана орындадық. Кейін Global aviation services FZE ұшақты аяқ астынан сататын болып, 3 желтосқсанда JUPITER JET-пен келісім шарт тоқтатылды. Бірақ Flightradar24 сайты аталған ақпаратты жаңартпаған. 3 желтоқсаннан кейін ИЛ-76-мен басқа компаниямен ұшқан», - деді Богдан Шәріпов.
Flightradar24 сайтынан аталған FZE UP-I7652 (ИЛ-76) ұшағының Jenis Air-дің атымен 2019 жылдың желтоқсан айында Шаржа, Абу Даби қалаларында қозғалғанын көруге болады. Бірақ, рейстерінің қайдан шығып қайда барғаны жазылмаған.
Ал 2020 жылы наурызда ол Иорданияның Амман, Израильдің Ейлат қалаларынан белгісіз бағытқа ұшқан. Карта ұшақтардың Ливияға қарай бағыт алғанын көрсетеді.
Azattyq Ryhy ашық көздерде компанияның контактілері мен ресми сайты болмағандықтан Jenis Air-ге хабарласа алмады. Uchet.kz сайтында «АВИАКОМПАНИЯ JENIS AIR» ЖШС жетекшісі Александр Пьянков атты азамат екені көрсетілген.
Авиация әкімшілігі сигналды өшіру әрекеті өте үлкен алаңдаушылық тудыратынын, ұшқыштардың қауіпсіздік мәселесіне аса мән бермейтінін көрсетеді деп есептейді. Дегенмен, әуе қозғалысын бақылайтын жекеменшік сайттардың ақпаратына ғана жүгінбей, ұшақтардың қай бағытта қозғалғанын басқа да көздерден іздестіріп көрмек.
Айта кетейік, Azee Air – Қазақстанда 2018 жылы құрылып, жүк тасымалымен айналысатын әуе компаниясы. Бас ғимараты – Алматы қаласында орналасқан. Ол ИЛ-76 ұшақтарымен ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс, Африка елдеріне рейстер орындайды.
Ашық көздерге сенсек, Jenis Air – Тараз қаласында бас ғимараты орналасқан жүк тасымалдайтын әуе компаниясы. Ол Ilyushin il-76td әскери жүк тасымалдаушы ұшағын қолданады.
Алматы қаласында орналасқан Jupiter Jet – 2016 жылдан бері чартерлік және жүк тасымалы рейстерін орындайды. АН-12БК әуе кемелерін қолданады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан