Өлтіріп, мәйітін өзенге тастаған: Атырауда күннің суытуына байланысты бойжеткеннің денесін іздеу тоқтатылды
Құтқарушылар 23 жастағы Яна Легкодомованың денесін 44 күн бойы іздеген
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің Azattyq Rýhy редакциясына берген ақпаратына сай, 2024 жылғы 22 қазаннан бастап 4 желтоқсанға дейін 2001 жылы туған Яна Легкодомованы іздеу жұмыстары жүргізілген.
«Іздеу жұмыстарына 20-дан астам қызметкер, 5 техника бірлігі, 7 су көлігі және ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Іздеу операциясы аясында жағалау мұқият қаралып, Жайық өзенінің түбін сүзу әдісімен 4500 шаршы метрден астам аумақ тексерілді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері Полиция департаменті көрсеткен орыннан бастап ағыс бойымен 30 шақырым қашықтықтағы акваторияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, түбін егжей-тегжейлі зерттеу үшін құтқарушылар сүңгуір-құтқару жұмыстарын жүргізіп, эхолот қолданылды. Бұдан бөлек, іздеу жұмыстарына қызметтік иттер мен кинологиялық топ қатысты. Параллельді түрде іздеуге Полиция департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және еріктілер де тартылды», - делінген хабарламада.
Іздеу жұмыстарының жүргізілгеніне қарамастан нәтиже болмаған. Сонымен қатар, күннің суытуы су көліктерінің техникалық жай-күйіне әсер ететінін ескере отырып, 2024 жылы 4 желтоқсаннан бастап іздеу жұмыстары тоқтатылды.
Айта кетейік, осыған дейін 23 жастағы Яна Легкодомованың 18 қазан күні жоғалып кетіп, артынан қаза тапқаны айтылған. 23 қазанда оның өліміне кінәлі делінген екі ер адам ұсталды. 24 және 25 жастағы күдіктілер ұсталып, куәлік берген. Полицияның хабарлауынша, қызды өлтіріп, мәйітін Орал өзеніне лақтырып кеткен. Қайғылы оқиғаға байланысты «адам ұрлау» және «адам өлтіру» баптары бойынша тергеу жүргізілген.