Аралдың түбіне сексеуіл отырғызу қашан аяқталады? Нәлібаев жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Әкімнің айтуынша 2025 жылы толық аяқталады

Фото: istockphoto.com

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал түбіне сексеуіл егу тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«1,1 млн гектар жерге сексеуіл отырғызу жосапарланған. Қазіргі таңда 600 гектардан астам жерге сексеуіл егілді. Жақын арада тағы да егу жұмыстары басталады. 2025 жылы мемлекет басшысының тапсырмасы толығымен орындалады», - дейді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызылатынын айтқан еді.

Айта кетейік, Арал теңізінің құрғаған табанының көлемі 4,6 млн гектарды құрайды. Оның 2,2 млн гектары Қазақстанға, 2,3 млн гектары Өзбекстанға тиесілі. Жыл сайын теңіз ұлтанынан 100 млн тонна тұз бен шаң шығып мыңдаған шақырымға таралады. Бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал жасайды.