Алматыда өртеніп кеткен автобус Қытайда жасалған

Автор: Azattyq Rýhy

Автопарк басшылары 4 жыл бұрын ғана әкелінген автобустың қайта жөндеуге келмейтінін айтты

inform.kz

Алматыда түгі қалмай жанып кеткен Yutong маркалы автобус 2014 жылы Қытайда жасалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

№32 бағытта жолаушы тасуға шыққан қоғамдық көлік өртке оранғанда ішінде жүргізушіден басқа ешкім болмаған. Автопарк басшылары 4 жыл бұрын ғана әкелінген автобустың қайта жөндеуге келмейтінін айтты.

«Қоғамдық көлікті тәртіп бойынша механик тексеруден өткізіп, кестеге сәйкес жолға шыққан. Әл-Фараби мен Жароков көшелерінің қиылысына келгенде автобустың маторынан ақау шықты дегенді білдіретін белгі жанған. Жүргізуші тоқтап, матордың бетін ашқанда кенеттен өрт шыққан. Құтқарушылар келгенге дейін бес өрт сөндіру баллоны қолданылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деді «АлматыЭлектротранс» ЖШС басшылары.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өрт 6 минутта сөндірілгенімен, автобустың тек қаңқасы ғана қалды. 25 шаршы метрге шарпыған өрттен зардап шеккендер жоқ, деді.  

«Өрт сөндірушілер сағат 06.53-те оқиға орнына барды. Автобустың ішінде жолаушылар болған жоқ. 25 шаршы метр аумақ отқа оранды. Жүргізуші өртті өз бетінше сөндірмек болған. Өртті 11 қызметкер сөндірді, бір дана техника жұмылдырылды. Қызыл жалын сағат 06.57-те ауыздықталып, сағат 07.04-те толықтай сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы