Республика күні: балалар арасындағы челлендж елдің жүрегін елжіретті (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазір әлеуметтік желіде осы сарынды видео көп таралып жатыр

Фото: видеодан скриншот

Желіде мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндерінің 25 қазан - Республика күніне арналған челлендждері жариялана бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Челлендждің мақсаты -  отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу. Ту мен Елтаңба сынды мемлекеттік нышандарды балалар өздері бейнелеп көрсеткен. Бірлік пен ынтымақты көрсететін іс-қимылдарды жаттап алып, бірдей істеген кішкентай патриоттар жұрттың ықыласына бөленіп жатыр.

Мәселен, Астана қаласындағы №66 Толағай балабақшасының «Қамбат батыр» тобы да аталған челленджге қатысқан. Топ жетекшісі Айгүл Абибуллақызы балабақшадағы бүлдіршіндердің патриоттық сезімін дәріптейтін видеоға бастамашылық еткен.

Айгүл Абибуллақызы балаларды үнемі шығармашылыққа баулып, олардың бойындағы патриоттық сезімді нығайту үшін трендтегі челлендждерден қалмай, үнемі белсенділік танытады.

Желіде тараған челлендждерге пікір жазғандар балаларға бақытты ғұмыр тілеп, бұл бастама қолдауға тұрарлық екенін жазған.

«Бұл тамаша үрдіс. Ұлтқа, дінге, ділге бөлінбей, патриоттықты осылай дәріптесек қандай керемет. Бірлігіміз мықты болсын. Ұстаздарға көп рақмет. Балапандар бақытты болсын. Өте жақсы дүние екен», - деді пікір жазғандар.