Биыл әйелдерге қатысты 806 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген
Павлодар облысында отбасының шырқын бұзған 2319 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Облыста 2020 жылы әйелдерге қатысты 806 түрлі қылмыстық құқық бұзушылық (ұрлық, алаяқтық, тонау және т.б.), отбасы-тұрмыстық салада – 11 факті тіркелген. Отбасылық қолайсыздықтың, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында павлодарлық полицейлер алдын алу іс-шараларын жиі өткізеді. Бүгінгі таңда жеке алдын алу шараларының бірі қорғау нұсқамасын шығару және соттардың құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар қоюы болып табылады», - деп жазылған хабарламада.
«102» пультіне түсетін барлық шақырулар бойынша құқық бұзушыға қатысты бір ай мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылады. Жыл басынан бері 2319 қорғау ұйғарымы шығарылды, сонымен қатар 247 ерекше талаптар белгіленді. Полиция қызметкерлері Nur Otan партиясының өкілдерімен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің іс-қимыл алгоритмі бойынша жадынамалар таратылып, ықтимал құрбандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.