iPhone мен 435 мың теңге үшін өлтірген: Қонаевта аса жауыз екі жігіт сотталды
Олар студент қыздың денесін тіпті өртеп жібермек болған

Алматы облысының соты биыл наурыз айында студент қызды аса қатігездікпен өлтірген екі жігітті 17 жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Соттың баспасөз қызметі істің мән-жайын жария етіп, қыздың өліміне себеп болған фактілерді атады.
Соттың дерегіне сүйенсек, биыл 6 наурыз күні сотталып отырған екі жігіт ортақ таныстары арқылы осы студент қызбен танысқан. Ортақ таныстары екі жігіттен бойжеткен үшін тұра тұратын жер сұрайды. Осылайша, олар Алматы қаласынан пәтер жалдаған. Екінші күні жігіттердің ақшасы таусылып, олар пәтердің жалдау ақысын одан әрі төлеу үшін бойжеткенді «iPhone 13 Pro» телефонын ломбардқа сала тұр деп көндірген. Ұялы телефонын ақша түскенде бірден қайтарып береміз деп сендірген.
Ломбардтан алған ақшаны лезде жұмсап тауысқан олар қызға 435 мың теңге көлемінде микронесие мен несие алғызған. Оның үстіне, телефонын ломбардттан алып алып, қызға білдірмей қайта сатып жіберген.
«Бойжеткен телефонын қайта-қайта сұраған соң екі жігіттің ниеті бұзылып, олар телефонды да қайтармай, несиені де төлемей құтылайық деп ойлайды. Осындай арам мақсатта олар 15 наурыз күні түнде бойжеткенді үйіне апарып тастаймыз деген сылтаумен оны көлікке отырғызып алған. Түнгі сағат 02.00 шамасында Қонаев-Қазақстан жолының 36-шақырымында иен далаға тоқтап, қызды басынан темірмен ұрған. Үстіне бензин құйып өртеп жіберуге тырысқан. Содан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Студент қыз сол жерде қаза табады», - деп жазды сот.
Екі күдікті жігіттің кінәсі толық дәлелденген. Олардың жазасын жеңілдететін мән-жайлар табылмаған.
«Сот Қ. және С. есімді жігіттерді толық кінәлі деп танып, әрқайсысын 17 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп жазған Алматы облысының соты.