Ақтауда ұсталған жігіттер «жас қызды зорлады» деген күдіктіні өздері жазаламақ болған

Автор: Azattyq Rýhy

Профилактикалық сұхбаттан соң ұсталған азаматтардың бәрі үйлеріне жіберілген

фото: lada.kz

12 мамырда ақтаулық полиция өкілдері пәтерге жиналған бір топ жігітті күштеп ұстап әкеткен. Бүгін аталған оқиғаға қатысты облыстық полиция мен прокуратура өкілдері түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Олар (ұсталған жігіттер – авт.) 11 мамыр күні «WhatsApp» әлеуметтік желісінде жәбірленуші және қылмыс жасаған күдікті туралы тараған ақпарат үшін жиналған. Яғни, «кәмелет жасқа толмаған қызды зорлады» дегенді естіген жас жігіттер азаматтық ұстанымын көрсетпек болған. Алайда, оқиға орнына полиция өкілдері келіп, олардың басқосуына кедергі келтірген. Полиция белгісіз тұлғалардың жеке өмiріне қолсұғушылық жасады деп ҚР Қылмыстық кодексінің 147-ші бабы 5-ші бөлігімен тергеп-тексеруді бастаған.

«Өзіңізге мәлім, әлеуметтік желіде кәмелет жасқа толмаған қыз баланы зорлау туралы жалған мәлімет тарауда. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ол үшін заңмен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат таратқан тұлғаны анықтауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған қылмыстық іс департамент басшылығының бақылауында. Өзге де ақпарат ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу аяқталғанша жарияланбайды», - дейді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Амангелді Досжанов.

Амангелді Асқарұлының айтуынша, әлеуметтік желілерде заңсыз наразылық акциясын өткізуге шақырған үндеулер тарап жатыр. 15 жастағы қыздың зорлануы туралы расымен де арыз түскен.  2005 жылы туған А. есімді қызының зорланғанын білген анасы 8 мамыр күні облыстық Полиция департаментіне шағымданған. Аталған жайтқа байланысты шұғыл іздестіру шаралары жүргізіліп, күдікті қолға түскен. Қазір оның үстінен Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша іс қозғалды. 

«Күдіктінің іс-әрекетіне орай кәмелет жасқа толмаған адамды зорлау (белгілі бір лауазымдарды атқару не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып) фактісі бойынша 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 10 мамырда тергеу соты күдікті тұлғаға қатысты қолданылған «Күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасымен екі айға санкция берді. Қылмыстық істің сапалы және объективті тергелуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді облыс прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағанбетов.

Күдікті сот санкциясымен тергеу изоляторына қамауға алынды. Ақтау қаласының Е. есімді тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалған.

Естеріңізге сала кетейік, 12 мамырда Ақтау қаласы 5-шағынаудан №4 үй жанына жас қызды зорлады деген күдіктіні жазалау үшін бір топ жас жігіт жиналған. Бір топ жігіт 1981 жылы дүниеге келген күдіктінің пәтеріне келіп, есігін ашпақ болған сәтте оқиға орына полиция жетіп, оларды күштеп бөлімшеге апарған. Профилактикалық сұхбаттан соң ұсталған азаматтардың бәрі үйлеріне жіберілген. Ол сәтте күдікті тергеу изоляторында қамауда болған.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы