Костанай облысында жедел жәрдем фельдшері суға батып бара жатқан көліктен жүргізушіні құтқарып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Жүргізуші жас ерекшелігі мен денсаулық жағдайына байланысты өздігінен жағаға шыға алмаған

Видеодан алынған кадр

Қамысты аудандық жедел жәрдем станциясының фельдшері Сергей Волков науқасты өлімнен құтқарып қалды. Бұл туралы Қостанай облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алау сайтына сілтеме жасап.

Ер адам көлікті басқара алмай, кюветке ұшып кеткен. Шұңқыр суға толы болғандықтан, көлік су астына батып кеткен. Жүргізуші көліктің төбесіне шығып, жедел жәрдем шақырған.

Қамысты аудандық жедел жәрдем станциясының фельдшері Сергей Волков өз өміріне қауіп төнетініне қарамастан науқасты құтқарып қалды.

«Науқаста кардиостимулятор бар және оған күрт қозғалыстар жасауға болмайды. Жас ерекшелігі мен денсаулық жағдайына байланысты ол өздігінен шыға алмады. Науқасты тексеру үшін фельдшердің мұздай суға өзі түсуіне тура келді. Тасымал құралын көпір ретінде пайдаланды», — делінген хабарламада.

Фельдшер өз әрекетін ерекше деп санамайды.

«Адамға көмек қажет болды, ол қатты тоңып қалғаны анық. Мен суда ұзақ болған жоқпын. Ең бастысы, бәрі жақсы аяқталды. Науқас аман-сау», — деді фельдшер Сергей Волков.