Қарағанды облысында бес жасар бала жоғалып кетіп, 400-ден астам адам іздеуге жұмылдырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Төрт сағаттан кейін бүлдіршін ен даладан аман-есен табылды

Фото: depositphotos.com

Қарағанды облысының Петровка ауылында бес жасар бала жоғалып кетті. Оны іздеуге Бұқар Жырау ауданы полиция басқармасының барлық жеке құрамы, сондай-ақ ТЖД қызметкерлері мен ауылдастары кірісті. Төрт сағат ішінде 400-ден астам адам оны иттермен іздеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

3 қазан күні кешке 28 жастағы келіншек баласының жоғалып кеткені туралы полицияға хабарлады. Әйел баланың үйдің ауласынан жоғалып кеткенін айтқан.

Полиция басшылығы дереу иісшіл иттердің қатысуымен ауқымды іздеу жұмыстарын ұйымдастырды. Оларға ТЖД қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қосылды. Топтарға бөлініп, іздеуге қатысушылар айналадағы аумақтарды сүзіп шықты. Іздеуге қатысушылар әртүрлі нұсқаларды пысықтап, баланы барлық жерден іздеді. Төрт сағаттан кейін жоғалған бала ауылынан бір шақырым қашықтықта ен даладан табылды.

«Іздеуге барлығы 400-ден астам адам қатысты. Баланы Петровка ауылынан бір шақырым жерде ауыл тұрғындары мен полиция қызметкерлері тапты. Бұқар жырау аудандық полиция басқармасының басшылығы іздеуге қатысқан барлық жанашыр азаматтарға жедел көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.