Астанада полицейлерді қорлаған тұрғын қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Астанада 42 жастағы ер адам полиция қызметкерлерін қорлағаны үшін үш тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Абылай хан даңғылында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары «102» нөміріне хабарласып, аулада мас күйде шу шығарған ер адамға қатысты шағым түсірген. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері кіреберістің жанында орындықта жатқан ер адамды тыныштандыруға тырысқанымен, ол агрессивті мінез көрсетіп, тәртіп сақшыларын қорлаған.

«Полиция арнайы құралдарды қолдана отырып, ер адамды медициналық куәландыру үшін арнайы мекемеге жеткізді. Куәландыру нәтижесі оның жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсетті. Құқық бұзушыға полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен үш тәулікке қамауға алынды», - делінген хабарламада.