«Бір сағатта жүрегі 3 рет тоқтады»: елордалық дәрігерлер жүкті әйелді аман алып қалды

Автор: Молдатай Сымбат

Әйел тыныс алуды, тамақтануды, жүруді және сөйлеуді қайта үйренді

Фото: istockphoto.com

Астанада №2 қалалық көпбейінді ауруханаға жағдайы өте ауыр жүкті науқас жедел жәрдем қызметімен жеткізілді. 30 жастағы Анастасия жүктілік кезіндегі ауыр созылмалы аурудың салдарынан жүректің үш рет тоқтауынан кейін шок күйінде жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Дәрігерлер реанимация бөлімшесінде ӨЖЖ аппаратына қосылған науқастың өмірі үшін 3 апта бойы күресті. Ауруханаға түскен күннен бастап бір апта өткен соң Анастасия есін жиып, оңалтудан кейін гинекология бөлімшесіне ауыстырылды. 1 ай бойы барлық медициналық қызметкерлердің қажырлы еңбегі арқасынла науқас тыныс алуды, тамақтануды, жүруді және сөйлеуді қайта үйренді», - деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Аурухананың барлық медициналық қызметкерлеріне алғысын білдіріп:

«Олар менің баламды құтқарып, ана дүниеден қайта шығарды», - деді Анастасияның анасы.

Гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Оразалы Абдраманов қазір науқас өзін жақсы сезінетінін және ауруханадан шығуға дайындалып жатқанын атап өтті.