Қарағандыда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 9 адам зардап шекті (ВИДЕО)
Полиция оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады
Қарағандыда автобус пен жеңіл автокөліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан 9 адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, апат бүгін таңертең болған. Қиылыста Yutong автобусы мен Kia carnival көлігі соқтығысқан. Полицияның бастапқы мәліметтері бойынша автобустың 3 жолаушысы мен минивэннің 2 жолаушысы ауруханаға жатқызылды.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, жедел жәрдем көлігімен қаланың медициналық мекемелеріне тоғыз адам әкелінді.
«Тоғыз адам зардап шекті. Зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемелерге жеткізіліп, тексерілді. Оның ішінде қанағаттанарлық жағдайда бес адам амбулаториялық емделуге жіберілді. Бір науқас теміржол ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды, оның жағдайы орташа. Бір науқас Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға Лор бөлімшесіне жеткізілді, оның жағдайы орташа дәрежеде. Бір бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды, ауырлығы орташа жағдай. Тағы бір науқас № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді, оның жағдайы ауыр деп бағаланып, реанимацияға жатқызылды», – деп хабарлады дәрігерлер.
Полиция оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Бұл факт полицияда тіркелген. Тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады», - деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.