Иығына үтік басқан: «Гей Шымкент» тобына тіркелген жігітті қинағандар сотталды

Автор: Темірхан Айжан

Жәбірленуші сотталушыларға кешірім берген 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Шымкентте 4 жігіт әлеуметтік желідегі «Гей Шымкент» тобына тіркелген ер адамды пәтерге шақырып қорлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Egovpress телеграм каналының жазуынша, жігіттер жәбірленушінің иығына үтік басып, қолға түскен заттармен ұрып-соққан. Сонымен бірге олар ер адамнан «педофильмін» деп мойындауын талап еткен. Оқиғаның бәрін видеокамераға түсіріп, 500 мың теңге бопсалаған. Жәбірленуші ақшаны беретінін айтып, босап шыққан. Сосын полицияға хабар берген.

Қылмыстық оқиғаға байланысты редакция Шымкент сотына сұрау салды.

Сотталушылар Ж. С. А. және М. қорқытып алу, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен күш қолданып бөтеннің мүлкін иемленіп алу -  ҚК-нің 194-бабы бойынша айыпталған. Төрт жігіт 3 және 4,5 жыл аралығында әртүрлі мерзімге сотталды.

Жәбірленуші сотталушыларға кешірім беріп, оларға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

«Сотталушы М – ға 3 жыл 6 айға мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылар Ж-ға 4 жыл 6 айға мерзімге, С- ға 3 жылға, А-ға 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды», - деп жауап берді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.