Ұшаққа 2 рет билетсіз мініп, Швецияға саяхаттаған адам ұсталды

Автор: Молдатай Сымбат

Ол – Германиядан ұшаққа мінген Норвегия азаматы

Фото: depositphotos.com

Норвегия азаматы әуе рейсін билетсіз 2 рет қолданып, тіпті, Швецияға ұшып барған. Ол Мюнхен әуежайында бортқа билетсіз өтіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

BILD жазуынша, 4 тамызда ер адам билетті бақылау бекетінде ұшаққа мінгелі тұрған жолаушыға жақын тұрып, автоматты турникеттен тексерусіз өтіп алған. Ұшаққа кіре берісте де ешкім одан билетті көрсетуді сұрамаған. Алайда, әуе кемесінде бос орын болмағандықтан, ол ұсталып қалған. Бұл үшін полиция учаскесінде жауап берген.

Алайда, норвегиялық азамат келесі күні әуежайға тағы келеді. Екінші рет жоспары жүзеге асып, ол Lufthansa 2418 рейсіне мініп, 14:55-те Мюнхеннен ұшып кеткен. Сөйтіп, Стокгольмге дейін жетіп алған. Бірақ, ер адам қаланы аралап, саяхаттаудың орнына бірден Мюнхенге оралғысы келіп, тағы да билетсіз ұшаққа отырады. Бұл әрекеті борт қызметкерлерінің назарын аударған.

«Мен полицей мансабымда ешқашан мұндай жағдайға тап болған емеспін. Әуежай мұның қалай болғанын түсіндіруі керек. Жолаушы билетсіз бүкіл Еуропаны шарласа да, таң қалмайтын болдым», - деді бұл оқиға туралы неміс полиция кәсіподағының басшысы Андреас Роскопф.

Қазір қауіпсіздік қызметі авиакомпанияға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Норвегия азаматы «бортқа заңсыз кіріп, алаяқтық жасады» деп айыпталуда.