Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды
Алматыда тапа-тал түсте көшенің қақ ортасында әйелін аяусыз ұрып-соққан еркектің әрекеті желіні дүр сілкіндірді. Оқиға бүгін түстен кейін қала орталығында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кадрларда ер адам қызды жерге құлатып, шашынан тартып ұстап отырғаны көрінеді. Куәгерлер агрессорды полицияны шақырамын деп қорқытып, оқиғаны видеоға түсіріп алған. Бірақ ер адамға кедергі болмаған тәрізді. Ол қызды шашынан сүйреп, бейәдеп сөздермен балағаттай бастады. Сонымен бірге, агрессор қызды қорғауға тырысқан өтіп бара жатқан адамдарға да айқайлап сес көрсетеді.
«Жүгір! Неғұрлым алыс болса, соғұрлым жақсы. Барлық қыздарға сәлем.Сендер күйеулеріңе бағынуларың керек. Ал кім мойынсұнбаса, осылай таяқ жейді», - деп айқайлайды.
Аталмыш оқиға туралы Алматы ПД баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Ұрып-соғу фактісі бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Ер адам бұзақылық үшін де жауапқа тартылды.
«Мас күйде болған күдікті ұсталды. Сонымен қатар, ол қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды», - деді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.