Қызылордада сыныптастары жезөкшелікке салған 16 жастағы қыздың жағдайы туралы министрлік пікір білдірді

Автор: Темірхан Айжан

Бүгін аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл зардап шеккен қызбен және оның отбасымен кездескен 

Фото: Istockphoto

Қызылордада сыныптастары жезөкшелікке салған кәмелетке толмаған қыз туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл зардап шеккен қызбен және оның отбасымен кездесті. Қазіргі уақытта облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары оған қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетуде. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде. Сондай-ақ, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Аталған жағдай ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қатаң бақылауында», - делінген хабарламада.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Қызылорда қаласында мектеп оқушылары 16 жастағы қызды азаптап, қинап есірткі беріп, жезөкшелік жолға салған. Қыздың ата-анасының жазуынша, полициядан еш көмек болмаған, керісінше оларды «ата-құқығынан» айырамыз деп қорқытқан.