Түркістан облысы және Астана тұрғындары 105 келі марихуананы тасымалдаған
Жамбыл облысында есірткі тасымалдаушылар ұсталды. Олар қылмысын жасыру үшін көліктерін өртеп жібермек болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Патрульдік полиция қызметкерлері Алматы-Екатеринбург тасжолының 340-шақырымында Lexus ЕС 350 автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында жолаушысы көлікке жанармай төгіп өртеп жібермек болды», - деп хабарлады полиция.
Алайда полиция қызметкерлерінің араласуымен өрт дер кезінде сөндірілді.
«Аталған көлікті Лэтти атты қызметтік-іздестіру итімен тексеру кезінде артқы жүк салғышынан 4 полиэтилендік қапшыққа оралған өткір иісті, есірткіге ұқсас зат табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат салмағы 105 келіге жуық кептірілген марихуана екені анықталды», - делінген ақпаратта.
Есірткі затын заңсыз сақтағаны және тасымалдағаны үшін Түркістан облысының және Астана қаласының тұрғындары ұсталды.
Қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.