Прокурор Марат Әйтеновті сот залынан ұстап әкетіп, 12 тәулікке қамауды сұрады

Автор: Аягөз Құрмаш

Жәбірленушіге айыпталушы тарапынан өндіріп алатын соманы айтты 

Фото: istockphoto.com

Марат Әйтеновтің ісіне қатысты сот отырысында тараптар жарыссөзді бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокурор жарыссөзді президент өзінің жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылықты қатаң айыптағаны туралы цитатасымен бастады. Прокурор жәбірленушіге айыпталушыдан  4 айлық есептік көрсеткішті өндіруді сұрады.

«Соттан Марат Әйтеновті  Қылмыстық кодекстің 109 бабы бойынша кінәлі деп санап, 12 тәулікке қамауды сұраймын. Сондай-ақ оның жазасын өтеуді Астана қаласының полиция департаментінің арнайы қабылдауында отыруды сұраймын. Айыпталушыны бірден сот залынан күзетпен ұстап әкетуді сұраймын. Мемлекет меншігіне Марат Әйтеновтен сот-медициналық сараптамаға кеткен қаражатты (3400 теңге-авт.) өтеуі сұралады. Жәбірленушіге қатысты 18 460 теңге өтеу сұралады», - деді Б. Әбдіқадіров.

Жәбірленуші тарапынан адвокат Дамир Ишмамбетов те жарыссөз кезінде Марат Әйтеновті оның жасаған теріс қылығы бойынша кінәлі деп тануын сұрады.

«Марат Әйтеновті Қылмыстық кодекстің 109 бабы 1-тармағы бойынша кінәлі деп санап, қатаң жаза қолдануды сұраймыз», - деді ол.

Ал жәбірленуші тараптың екінші адвокаты Әлия Омарова Марат Әйтеновке қатаң жаза қолданып, 25 тәулікке қамауын сұрады.