Алаяқты алдаған алаяқ: Шымкенттегі жарты миллион теңгенің оқиғасы

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция сақ болуды тағы ескертті

Фото: freepik.com

Шымкентте зейнеткер алаяққа алданып, жарты млн теңгесін берген. Алайда, алаяқты курьер алдап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкенттің 90 жастағы тұрғыны, кейуанаға белгісіз тұлға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Сосын, келіні жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған.

Алайда, мәселені белгілі сомамен шешуге болатынын және зейнеткерден ол ақшаны курьер алып кететіндігін айтқан. Туысына көмектесу үшін қарт ана барлық жинап-терген қаражатын, яғни, жарты млн теңгесін беріп жіберген.

«Іздестіру іс-шараларының барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушінің үйінен қолма-қол ақшаны алу үшін келген тұлғаны анықтап, ұстады. Ол 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Өз жауабында ұсталған ер адам мессенджер арқылы алған нұсқауға сәйкес әрекет еткенін жеткізді. Алған ақшаны белгілі бір шотқа аударуға келіскен ол шартты орындамай, алаяқ «жұмыс берушісін» алдап кеткен екен», - деп хабарлады ПД.

Қазіргі таңда қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Алаяқтар өздерін полицейлер ретінде таныстырып, туысыңыздың қиындыққа тап болғанын хабарлап, ал мәселені белгілі бір ақша қаражаты шешетінін айтуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден 102 нөміріне қоңырау шалып, ақпаратты тексеріңіз», - деп ескертті полиция қызметкерлері.