Қызылордада ер адам кафеде даяшы мен әкімшіні соққыға жыққан

Автор: Azattyq Rýhy

Сот үкімімен оған  1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды

Фото: depositphotos.com

Қызылордада кафеде даяшы мен кафе әкімшісіне соққы жұмсаған адамның бас бостандығы шектелді. Бұл туралы Қызылорда қаласының № 2 сотынан мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл қылмыстық іс Қызылорда қаласының № 2 сотында қаралды. Ол бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігімен іс қозғалды.

Сотталушы А. таңғы сағат 4:30 шамасында кафеде жалғыз өзі көңіл көтеріп отырған. 

Сол кезде даяшы З. мен әкімші А. кафенің жабылатынын айтып ескерткен.

«Сол сәтте ол себепсізден себепсіз балағат сөздер айтқан. Кафеден шықпайтынын айтып, дөрекі мінез көрсеткен. Мас күйінде қолындағы сыра ішімдігінің ыдысын сындырған. Содан кейін даяшы З-ның шашынан жұлып, аяғынан бірнеше мәрте тепкен. Салдарынан даяшыға дене жарақатын салған. Ал әкімші қызметін атқаратын жәбірленуші А-ның көзіне екі мәрте соққы жасаған», - делінген сот хабарламасында.

Сот үкімімен сотталушы А-ға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.